СҚО-да заңсыз алынған жер учаскесі кәсіпкерге қайтарылды

СҚО-да заңсыз алынған жер учаскесі кәсіпкерге қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мемлекет мұқтажы үшін одан мәжбүрлі түрде алынған жер учаскесін қайтарып алды.

Есіл ауданының әкімдігі Петровка ауылының тұрғындарын жеке ауланың ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында аграрийден ауданы 290 га жер учаскесін алып қою туралы қаулы шығарды.

Мұндай шешім шығаруға 2022 жылдың соңында Петровка ауылының тұрғындары үшін жайылымдар мен шабындық алқаптардың жетіспеушілігі мәселесі қаралған, ауылдық округ тұрғындары жиынының хаттамасы негіз болды. Алайда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның нормаларына сәйкес, жер учаскелерін алып қою немесе жер учаскесін жалға алу мерзімдерін тоқтату туралы мәселелерді қарау жергілікті қоғамдастық жиындарына бекітілмеген.

Кәсіпкер өз құқығын қорғау үшін СҚО Кәсіпкерлер палатасына жүгінді, онда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментімен бірлесіп сот органдарына талап арыз дайындау бойынша консультативтік көмек көрсетілді.

Алайда, Есіл ауданының әкімдігі СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі шыққанға дейін алдын ала әрекет етіп, жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулының күшін жойды.