Сыбайлас жемқорларды квазимемлекеттік сектордағы лауазымдарға жібермеуге тиіс

Сыбайлас жемқорларды квазимемлекеттік сектордағы лауазымдарға жібермеуге тиіс

 

Аталған бұзушылық үшін жауапкершілік туралы "Есіл Су" ЖШС басшылығына еске салды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің инспекторы Светлана Зайцева кәсіпорын ұжымын 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген түзетулер туралы хабардар етті, сондай-ақ 2026 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасымен таныстырды.

"Мемлекеттің кез келген қатысу үлесі бар квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғалары сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатады. Тиісті өзгерістер Қылмыстық кодекске енгізілді. Егер бұрын 50% және одан жоғары қатысу үлесі бар компаниялар ғана сыбайлас жемқорлық субъектілері болса, қазір бұл шеңбер айтарлықтай кеңейді", — деп хабарлады спикер.

Жауаптылардың қатарына мемлекеттің кез келген қатысу үлесі бар компанияларда ұйымдық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функциялары бар адамдар да жатады, әдетте, бұл бірінші басшылар мен бас бухгалтерлер. Жақында осы санатқа бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды сатып алуға және іске асыруға жауапты квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі құрылымдық бөлімшелердің басшылары жатқызылды.

Дәріскердің айтуынша, ҚР ӘҚБтК-нің 681-бабына сәйкес бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша неғұрлым сапалы жұмыс істеу үшін комплаенс-қызметті құру ұсынылады, оған қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сондай-ақ корпоративтік этика кодексін (бар болса) сақтауын бақылауды қамтамасыз ету функциясы бекітіледі; мүдделер қақтығысын, оның ішінде жұмысқа орналасу мәселелерінде анықтау, мониторинг және реттеу бойынша шаралар қабылдау; қаржылық мәмілелер кезінде контрагенттерді тексеруді жүзеге асыру; анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және ұйымның ішкі процестерінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар енгізу.

Естеріңізге сала кетейік, комплаенс-қызметі облыс аумағында тіркелген 166 квазимемлекеттік сектор субъектісіне енгізілді.