Шымкент қаласында әлеуметтік нысандардың құрылысына кепілдік 7 жылға дейін ұлғайтылды

Шымкент қаласында әлеуметтік нысандардың құрылысына кепілдік 7 жылға дейін ұлғайтылды

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылыс саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді.

Мониторинг барысында анықталғандай, өңірлердегі құрылыс-монтаждау жұмыстарына кепілдік мерзімдері әртүрлі және 2 жылдан 10 жылға дейін өзгеруі мүмкін.

Бүгінде «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңда объектіні пайдалануға қабылдаған күннен бастап кепілдік мерзімі 2 жылдан кем болмайтыны көрсетілсе (Заңның 69-бабының 1-тармағы), Азаматтық кодекс бойынша егер келісімшартта өзгедей кепілдік мерзімі көзделмесе, кепілдік мерзімі 10 жылды құрайды (Азаматтық Кодекстің 665 бабы).

Келісімшартқа сілтеме жасайтын мұндай тұжырымдар тапсырыс беруші мен мердігерге келісім бойынша жаңа объектінің кепілдік мерзімдерін өздері белгілеуге жағдай жасайды.

Соңғы 6 жылда (2018 – 2023 жж.) Шымкент қаласының құрылыс басқармасы бес жылдық кепілдік мерзімімен 154 млрд теңгеге 193 көппәтерлі үй салған.

Осы ретте, сапасыз құрылысқа жол бермеу, сондай-ақ «қажетті» мерзімдерді өз бетінше таңдау мүмкіндігін болдырмау мақсатында Департаменттің бастамасы бойынша әкімдіктің бейінді басқармалары сатып алынатын құрылыс-монтаждау жұмыстарына кепілдік мерзімін ұлғайту туралы бұйрықтар қабылдады.

Енді кепілдік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды.

Сонымен қатар, тіреу конструкцияларының жеке кепілдігімен құрылыс объектілерін пайдаланудың кепілдік мерзімдеріне қойылатын жаңа бірыңғай нормативтік талаптар туралы уәкілетті органға ұсынымдар жолданды.