Ауыл шаруашылығы саласына субсидия беру және алу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы

Ауыл шаруашылығы саласына субсидия беру және алу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы
Бүгін Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің кезектен тыс отырысы аясында, Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ауыл шаруашылығы саласына субсидия беру және алу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бойынша жұмыс тобының бірінші отырысын өткізді.
Іс-шараға Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, заң консультанттары, облыстық Кәсіпкерлер Палатасының, қоғам мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін жұмыс тобының мүшелері қатысты.
Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары А.Балғожин ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау жөніндегі жұмыс тобын құрудың өзектілігі мен негізгі мақсаттары туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол жедел әрекет ету үшін ватцап тобы және ("АШТӨ PVL субсидиялары") Телеграм-арнасы құрылғанын, субсидиялау проблемаларының тізілімі қалыптастырылғанын атап өтті.
Отырыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер нормативтік құқықтық актілерге және субсидиялар ресімделетін "Qolday" қосымшасының жұмысына қатысты проблемалық мәселелерді көтерді. Ұзақ уақыт бойы мемлекеттен субсидия ала алмайтын шағын шаруа қожалықтарының проблемаларына ерекше назар аударылды.
Барлық айтылған мәселелер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне одан әрі жолдану үшін субсидиялау проблемаларының тізіліміне енгізілетін болады.
Жұмыс тобының келесі отырысын ағымдағы жылғы маусымның үшінші онкүндігінде өткізу жоспарланған.