А.ж. 28 ақпанда Ақтау қ. Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында А.П. Чеховтың «Шағала» пьесасы Гүлсина Мерғалиеваның режиссерлығымен, грузиялық қоюшы-суретші Тамри Охикиянның көркемдеуімен сахнаға шықты.
Аталған премьераға Ақтау қ. мемлекеттік қызметшілері, соның ішінде облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері де барды. «Шағала» қойылымы – бұл өнер адамдары шығармашылығының қарама-қайшылығы, алдыңғы және кейінгі буын өкілдері арасындағы сыйластық пен байланыстың болмауы, көзсіз махаббат, дақпырт атақ пен алдамшы ақша – айналып келгенде өмір құндылықтары туралы пьеса.
Заманының озық жазушысы Антон Чеховтың «Шағала» спектаклін ана тілінде тамашалаған мемлекеттік қызметшілер туындыдан ерекше шығармашылық әсер алып, заманы өзгерсе де, адамы өзгермеген әлем туралы өзінше ой түйіп кеткені анық. Көрермендер айтар ойы бар құнды шығарманы сахналаған маңғыстаулық Г.Мерғалиеваға, театр әртістерінің шеберлігіне өте риза болды.
Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының маусымдық қойылымдарына бару жалғасатын болады.