Теңіз жағалауындағы 21 жер телімі негізсіз берілген

Теңіз жағалауындағы 21 жер телімі негізсіз берілген

Бұл туралы Қоғамдық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының м.у.а. Шамурайт Шаменов хабарлады.

Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті теңіз жағалауындағы жерлердің берілуіне мониторинг жүргізді. Нәтижесінде, Каспий жағасындағы туризмді дамытуға арналған 21 жер телімі негізсіз берілгені анықталды.

«2021 жылы қалалық әкімдік тұрғынға «демалыс базасы құрылысын салуға арналған» игерілмеген 10 соток жер телімін кеңейту үшін іргелес жерден, қосымша тағы да көлемі 4,7 соток жер телімін 3 жылға жалға берген. Жер телімі осы күнге дейін игерілмеген және мемлекетке қайтару үшін сотқа талап арыз берілді», - деді Шамурайт Шаменов.

Сондай-ақ, тағы бір тұлға теңіз жағалауында қонақ үй құрылысын салуға арналған 1,5 гектар жерін кеңейту үшін әкімдіктен тағы да 1,4 гектар жер телімін жалға алған. Жерді жалға алған тұлға оны игерместен басқа адамға сатып жіберген. Қазіргі кезде жер игерілмегені үшін мемлекетке қайтару туралы сотқа талап арыз берілген.

Сондай-ақ, спикер жер қатынастары саласына жүргізілген мониторинг нәтижесінде кәсіпкерге негізсіз берілген 7 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылғанын атап өтті. Алдағы уақытта ол жер телімі аукцион арқылы сатылымға шығатын болады.   

Айта кетейік, Департамент мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктер мен оларды шешу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қабылдауда.

Жер қатынастары саласына жүргізілген мониторинг сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасының негізінде жасалды.