
Жаңаөзен қаласы әкімдігінде сыбайлас жемқорлық мәселелері талқыланған арнайы жиын өтті.
Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті өкілдері, қала әкімінің орынбасары Жансейт Қайнарбаев, аппарат басшысы Қайырбек Құсайнов, ауыл әкімдері мен әкімдікке қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жергілікті атқарушы орган өкілдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы айтылып, жобалық басқару жұмысына қатысты мәселелер талқыланды.
«Мемлекеттік органдар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы негізгі міндеттері айқындалды және олардың нәтижелерін тиімді бақылау жүйесі құрылды. Жобалық басқару сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, оларды жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттарын қамтиды. Бұл бағыттарды іске асыру қорытындысымен мемлекеттік органдар басшыларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралардың тиімділігін бағалау жүргізіледі», - деп атап өтті Департаменттің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Наурыз Борсанов.
Сонымен қатар, шара барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы таныстырылып, комплаенс қызметі туралы айтылды.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы бойынша медицина, жол және инфрақұрылым, жер, олигополия, экология салалары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде шарттық міндеттемелерді орындауда, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына назар аудара отырып, квазимемлекеттік сектор субъектілерін қылмыстық қудалау орбитасына тартуға негіз туғызбай заңнаманың барлық нормаларын сақтау қажеттігі атап өтілді.
Егер сізге, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 номеріне хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.