Маңғыстауда теміржолшыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат түсіндірілді

Маңғыстауда теміржолшыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат түсіндірілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысы бойынша департаменті өңірдегі теміржолшылармен кездесті.

Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіндегі жаңашылдықтар туралы айтылды. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жүзеге асырылуы, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу арқылы тәуекелдерді қылмысқа жеткізбей жою маңыздылығы талқыланды.

«Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мүлдем жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасаса, олардың тікелей басшылары да жауапкершілікке тартылады,» деді Департаменттің бас маманы Нұргүл Мұқатай.

Бұдан бөлек, Департаменттің бас маманы Алтынбек Нариман қатысушыларға комплаенс-қызметі туралы түсіндіріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүйелі жүргізуге қатысты ұсыныстармен бөлісті.

«Комплаенс-қызметтердің негізгі миссиясы – ұйымның және оның қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауды қамтамасыз ету. Комплаенс институты жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған,» деді Алтынбек Нариман.

Егер, сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына тегін хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.