«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алаңында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері талқыланды

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алаңында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері талқыланды

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облыстық филиалы алаңында «Каспий» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қызметіне жүргізілген сыртқы талдау жұмыстарының нәтижелері талқыланды.

Кездесуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Қайрат Байгебаев, палата филиалы директорының орынбасары Аманат Махмутов, корпорацияның басқарма төрағасы Бекнұр Бейісов, қоғам өкілдері, кәсіпкерлер мен журналистер қатысты.

Сондай-ақ, жиынға «Каспий» ӘКК-мен бірлесіп жобаларды жүзеге асыруға жауапты болған кәсіпкерлер арнайы шақырылды.

«Корпорацияның миссиясы – нарықта бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды дамыта отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ету. Алайда, ол тиімсіз инвестициялық жобаларды қаржыландырған. Мысалы, 2021 жылы іске қосылуы тиіс «Полимерлік қаптама шығару» зауыты осы күнге дейін пайдалануға берілмеген, шартта көзделген тауарлар көлемі шығарылмаған, жоспарланған табыс алынбаған. Осыған ұқсас бірқатар жобалар бойынша бұзушылықтар анықталды. Сондықтан «Каспий» ӘКК-мен бірге жобаларды жүзеге асыруға тиісті кәсіпкерлердің де жауапкершілігі бар,» деді Қайрат Байгебаев.

Спикердің сөзінше, корпорация қызметінде персоналды басқаруда да тәуекелдер анықталды. Өйткені, «Каспий» ӘКК кадр саясатын сақтамаған. Департамент анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсынымдар енгізді.

Айта кету керек, жиын барысында кеңеске қатысушыларға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өңірлік картасы таныстырылды.

Маңғыстау облысы бойынша медицина, жол және инфрақұрылым, жер, олигополия, экология салалары аталған картаға енгізілген. Әрі қарай, осы бағыттардағы мәселелерді заңсыз шешу мүмкіндіктерінің алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіледі.

«Алдымен өңірдегі газ бағасы мен оны бөлу, тасымалдау кезіндегі делдалдар, «ҚазГПЗ» ЖШС өңдірістік құрал-жабдықтарының 90% ескіруіне байланысты тоқтап қалу қауіпі, «ММГ», «ӨМГ», «ҚМГ», «Ақтау-Құрық» порты сияқты ірі мекемелерге жұмысқа орналасудағы жемқорлық, квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алудың ашықтығына қатысты мониторинг жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен бірге, арнайы сауалнама жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасындағы өзге де салалар бойынша тиісті жұмыстар атқарылады,» деді Қайрат Байгебаев.