Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғалар марапатталады

Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғалар марапатталады

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды ынталандыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың пәрменді тетігі болып табылады.

Биыл Маңғыстау облысында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 5 тұлға 760 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Бұл туралы Antikor орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Зульфия Абишаева мәлімдеді.


«Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдарды қорғау тиісті түрде жүзеге асырылады. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес, мұндай жағдайлар туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатпен ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің қорғауында болады. Ал сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады» деді З.Абишаева.


Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық фактілеріне тап болған жағдайда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 call орталығына немесе Департаменттің 8 (7292) 319110 кезекші телефонына қоңырау шалуға болады.