
2025 жылдың 9 мамырында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Бұл – халықтардың ерлігі, батырлығы мен бірлігін мәңгі есте қалдыратын тарихи дата.
Осы айтулы мереке қарсаңында, а.ж. 24 сәуірінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықпен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілермен бірлесе отырып, «Ерлікке тағзым» атты патриоттық акцияны ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тарихи жадыны сақтау, соғыс ардагерлері мен қатысушыларына терең құрмет көрсету, сондай-ақ жас ұрпаққа ата-бабаларымыздың бейбіт аспан үшін төлеген бағасын ұғындыру.
Акция барысында Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштер мен мемориалдық нысандарды санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Қатысушылар еліміздің тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған батырларды еске алу орындарын ерекше ықыласпен ретке келтірді.
Қазақстан Жеңіске баға жетпес үлес қосты: 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанса, олардың 600 мыңнан астамы қан майданда қаза тапты.
Жерлестеріміз Мәскеу, Сталинград шайқастарында, Курск доғасында, Киев пен Варшаваны азат ету, Берлинді басып алу секілді тарихи шайқастарда ерлік көрсетті.
Тылда да Қазақстан сенімді тірекке айналып, әскери өндіріс, госпитальдар жұмысы мен эвакуацияланған халықты қабылдау ісінде ерекше үлес қосты.
«Ерлікке тағзым» акциясы – алғыс пен ұрпақтар сабақтастығының нышаны. Бұл бастама бейбітшілік пен еркіндіктің, тарихи шындықтың құндылығын бағалай білудің, сондай-ақ оны келер ұрпаққа аманат етудің маңызын тағы бір еске салды.
#ЖеңіскеБірге #ВместеКПобеде