Ағымдағы жылдың 26 қыркүйегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаментімен «Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті» РММ-нің қызметкерлері үшін кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу тақырыбы: «ЖӘБО жеке құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қолданыстағы нормаларын жеткізу және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаудың құқықтық салдарын түсіндіру».
Іс-шараға Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары Департаментінің бастығы, ҚР Қарулы Күштері Бас Штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Сәкен Жүсіпов, ҚР ІІМ әскери-тергеу басқармасының Батыс өңірі Орал тобының жедел өкілі Нұрсұлтан Салдарбек, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция Басқармасының басшысы Біржан Хайруллин қатысты.
Өз сөзінде Біржан Хайруллин 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі ережелері туралы баяндады. Сондай-ақ, БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде 2022 жылдың есептік кезеңінде тіркелген сыбайлас жемқорлық фактілерінің статистикасын атап өтті.
Тұжырымдаманың 6 бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға, сыбайлас жемқорлық үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға одан әрі ауқымды тарту жөнінде шаралар қабылдауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты мониторингілеуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты реформалар мен жобалар қамтылған.
Егер сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда сіз тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.