Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін кез-келген әрекет мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қарастырылуы керек деп атап өтті.

2022 жылғы 10 тамызда Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі шағын және орта бизнесті құқықтық қорғау мәселелері бойынша бизнес өкілдерімен кездесті.

Шараға БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысының бірінші орынбасары Амантай Рашкалиев, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Тергеу басқармасының басшысы Ахмед Абакаров, прокуратура органдарының, соттардың өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мемлекеттің өзекті және басым бағыттарының бірі болып табылады.

БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі лауазымды органдар тарапынан шағын және орта бизнестің қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтау, жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.

«Заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі келтіргені үшін жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 365-бабында көзделген. Мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануға әкеп соғады», - деді Абақаров Ахмед.

Егер сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда сіз тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.