
Мектептерде заңсыз ақша жинау фактілерінің алдын алу
2022 жылдың 19 мамырда мектептерде заңсыз ақша жинау фактілерінің алдын алу мәселлері бойынша жиналыс өтті.
Шараға БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Превенция басқармасының басшысы Б.М.Хайруллин, Орал қаласының Білім беру бөлімінің басшысы А.М.Темірханова, Прокуратура, облыстық Білім басқармасының өкілдері, қалалық мектеп директорлары мен ата-аналар қатысты.
Білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – мектептер мен балабақшалардағы заңсыз ақша жинау мәселесі. Жөндеу жұмыстарының кез келген түріне, абаттандыруға, оқу материалдарына, материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және басқа да заттарға ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынады.
Қазіргі уақытта «WhatsApp» мессенджерінің ата-аналар чаттарында мектеп бітіру кешін өткізуге, мұғалімдерге сыйлық алуға байланысты ата-аналардан ақша жинау жүріп жатыр.
Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Б.М.Хайруллин ҚР Азаматтық Кодексінің 509-бабының, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының нормаларын түсіндірді.
Айта кету керек, БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ата-аналардан ақша жинауға жол бермеу мақсатында Білім басқармасымен тұрақты түрде бірлескен іс-шаралар өткізіп тұрады.
Егер сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда сіз тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.