Мемлекеттік сатып алу және әкімшілік тәжірибе туралы заңнаманың сақталуы талқыланды

Мемлекеттік сатып алу және әкімшілік тәжірибе туралы заңнаманың сақталуы талқыланды

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасында кеңейтілген алқа отырысы өтіп, уәкілетті органдардың мемлекеттік сатып алу туралы және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезіндегі заңдылықтың жай-күйі туралы заңнаманы сақтауын прокурорлық тексеру нәтижелері қаралды.

Отырысқа БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Р.Ақмырзаев, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының басшылары, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу және әкімшілік практиканы жүргізу саласындағы уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.

Облыс прокуроры Жандос Өмірәлиев мемлекеттің қажеттілігі мемлекеттік сатып алу тетігі арқылы қанағаттандырылатынына назар аударды.

Осы мақсаттарға бюджет қаражатының үлкен көлемі бөлінеді, осыған байланысты бұл сала үлкен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырайды.

Сондықтан, прокуратура органдары мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына ерекше назар аударады, аталған салада жүйелі және елеулі бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған үйлестіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі.

Прокурорлар мен Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жалпы сомасы 51 млрд.теңгеден асатын 1 635 конкурстың күшін жойды және өзгертті.

Алқа қорытындысы бойынша облыстың мемлекеттік органдарының барлық басшыларына кәсіпкерлердің құқықтары мен бостандықтарын және мемлекеттің заңды мүдделерін іске асыруға, қорғауға бағытталған нақты міндеттер айқындалды.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптарын мүлтіксіз орындауға бағытталған бірқатар нақты ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастамасымен отырыста әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезіндегі заңдылықтың жай-күйі талқыланды.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасы жүргізген тексеру аясында облыстық Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарының жүргізушілерін анықтау бойынша рейдтер жүзеге асырылғаны атап өтілді.

Бірлескен жұмыс нәтижесінде 25 жүргізуші ұсталып, автокөліктер айып тұрағына қойылды. Жүргізушілер сот орындаушыларының шешімі негізінде тыйым салынғанына қарамастан көлік құралдарын басқаған.

«АВТОУРАГАН» АБК өңдеу барысында 157 жүргізуші анықталды, оларда жалпы сомасы 1 млн.625 мың 435 теңгеге 223 төленбеген айыппұл болды, оның ішінде 1 млн. 491 мың 870 теңге сомасына 201 айыппұл өндірілді.

Осындай бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұйымдастыру шаралары қабылданды.