БҚО-да «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» ұранымен флешмоб өтті

БҚО-да «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» ұранымен флешмоб өтті

Батыс Қазақстан облысында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» ұранымен қоғамдық флешмоб өтті.

Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Әділхан Сабұров, Бөрлі ауданы әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тұқжанов, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, оқушылар, жастар белсенділері мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.

Флешмобтың басты мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидаттарының маңыздылығына қоғам назарын аудару, жемқорлықтың ауқымы мен салдарын түсіндіру, сондай-ақ жас ұрпақтың бұл әлеуметтік кеселге төзбеушілігін тәрбиелеу.

Флешмобқа қатысушылар адалдықты, әділдік пен ашықтықты білдіретін «ADAL BOL» жазуы бар жейделер киіп, орталық алаңға шықты. Олар плакаттар, хореографиялық қойылымдар мен сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік идеясын насихаттауға бағытталған әлеуметтік акция арқылы азаматтық ұстанымдарын білдірді.

Іс-шара барысында Әділхан Сабұров сөз сөйлеп, былай деді:

«Бүгінгі таңда мемлекет сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жаза қолданумен қатар, ашық, әділ және тұрақты мемлекеттік институттарды құруға бағытталған алдын алу жұмысын да белсенді жүргізуде.

Заң жұмыс істеп, тәртіп сенім мен жауапкершілікке негізделсе – жемқорлыққа орын жоқ.

Ең маңызды бағыттардың бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп жасынан бастап қалыптастыру. Біздің мақсатымыз – адалдық пен әділеттілік қағидаттарымен өмір сүретін ұрпақты тәрбиелеу».

Сондай-ақ флешмоб аясында келесі іс-шаралар ұйымдастырылды: балалар мен жасөспірімдердің жемқорлық мәселесіне деген көзқарасын бейнелейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы сурет көрмесі; құқықтық сана қалыптастыруға және ағартушылыққа бағытталған тақырыптық кітап көрмесі.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар азаматтық ұстанымды, құқықтық ойлауды қалыптастыруға және мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Флешмоб – ашық, әділ және адал қоғам құруға бағытталған мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асырудағы кезекті қадам болды.

#Заң_мен_Тәртіп

#ЗАҢменТӘРТІП