Атырауда кәсіпкерден тегін бизнес-жоспар үшін төлем талап етілді

Атырауда кәсіпкерден тегін бизнес-жоспар үшін төлем талап етілді

Кәсіпкер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметкерінің іс-әрекетіне шағыммен жүгінді.

Оның айтуынша, қызметкер бизнес-жоспар әзірлегені үшін шаруа қожалығынан 25 мың теңге талап еткен. Бұл ретте мұндай әзірлеу бизнесті мемлекеттік қолдау шарасы болып табылады және Үкімет қаулысына сәйкес өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Палата қызметкері 427 бизнес субъектісі үшін бизнес-жоспарлар әзірледі.

Департамент өз кезегінде Палатаға осындай фактілерге жол бермеу және тиісті шаралар қабылдау туралы ұсынымдар жолдады. Бұдан басқа, бұл факт Ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген және процестік шешімдер қабылдау және басқа да фактілерді анықтау үшін облыстық Полиция департаментінің қарауына берілген.

Сондай-ақ, қызметкердің құқыққа қайшы әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардан Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) телефон арқылы дереу хабарлауды сұраймыз: 8 (7122) 71-75-07.