
Астанада Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаментімен және Астана қаласының полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырған жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға Денсаулық сақтау және білім беру салаларының өкілдері де қатысты.
Кездесудің басты мақсаты құқық қорғау органдары мен әлеуметтік сала қызметкерлері арасында ашық диалог орнату болды. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменті және полиция өкілдері қатысушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикаға, еңбек құқықтарын қорғауға, басқару процестеріндегі ашықтыққа және бұзушылықтарға ден қою тетіктеріне қатысты өзекті сұрақтарына жауап берді.
Білім беру және медициналық мекемелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың нормалары, лауазымды тұлғалардың құқықтары және уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл тәртібі түсіндірілді. Әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған ішкі бақылау құралдарын енгізу бойынша ұсынымдар берілді.