Сервис және туризм колледжінің «Саналы ұрпақ» клубымен Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлесіп ұйымдастырған танымдық кездесу өтті, оның аясында Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің еріктісі Әбуов Сәулет студенттер алдында спикер ретінде сөз сөйледі.
Іс-шара барысында жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Өз сөзінде ерікті адалдықтың, әділдіктің және ашықтық қағидаттарының маңыздылығы туралы айтып, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға және әрбір азаматқа қандай зиян келтіретінін нақты мысалдармен түсіндірді.
«Адалдық-болашақтың кепілі» - осындай ұранмен кездесу өтті, оның аясында елордалық оқу орындарының студенттері арасында 7-16 сәуір аралығында өткен «Сыбайлас жемқорлықсыз ел» әлеуметтік жарнама конкурсының қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар естелік дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай іс-шараларды өткізу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруда, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруда және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуда маңызды рөл атқарады.