Заңсыз шығарылған активтерді қайтару Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысында басым бағыт болып қала береді және Президенттің «follow the money» қағидаты бойынша тапсырмалары шеңберінде іске асырылады. Бұл қызмет әділдікті қалпына келтіруге және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегияның маңызды элементі болып табылады.
2022 жылдың басынан бастап 1 трлн теңгеден астам сомаға активтерді қайтару қамтамасыз етілді, олардың едәуір бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымды – білім беруді, денсаулық сақтауды және әлеуметтік қорғауды дамытуға бағытталған. Қаражат білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына түседі, соның есебінен бүкіл ел бойынша ондаған мектептер салынды.
Қайтарылған активтерді пайдалану тиімділігін бақылау шеңберінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті елорданың бірқатар объектілеріне көшпелі мониторинг жүргізді.
Олардың қатарында жаңа жалпы білім беретін мектептер, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін Астана қаласы әкімдігінің Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар.
Мониторинг барысында оқыту шарттары, үй-жайларды жарақтандыру, құрылыс жұмыстарының сапасы және бюджет қаражатын игерудің ашықтығы бағаланды. Нысандар заманауи стандарттарға сәйкес келетіні анықталды, балалар үшін қолайлы және қол жетімді жағдайлар, соның ішінде инклюзивті және мамандандырылған көмек форматтары жасалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қайтарылған әрбір активтің қоғам игілігі үшін – адамдарға қызмет етуіне, адами капиталды дамытуына және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуына бақылауды қамтамасыз етуді жалғастырады.