«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ аумағында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша Департаменті ұйымдастырған профилактикалық семинары өтті.
Іс-шара қоғамда құқықтық тәртіп пен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру шеңберінде өтті.
Семинардың негізгі тақырыбы корпоративтік ортадағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алудың заманауи тәсілдері, сондай-ақ этикалық стандарттар деңгейін арттыру және ұлттық компанияларда комплаенс-бақылау жүйесін дамыту болды.
Қатысушылардың алдында Астана қаласы бойынша Департаменттің превенция басқармасының аға офицері Нұриев Әмір сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тәуекелдерді сәйкестендіру әдістері және ықтимал бұзушылықтарға ден қою тәжірибесін егжей-тегжейлі баяндады
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығы Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ынтымақтастық үшін алғысын білдіріп, корпоративтік мәдениетті нығайту және құқық бұзушылықтарды азайту үшін осындай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.