Ақмола облысында әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы квесті өтті

Ақмола облысында әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы квесті өтті

Ағымдағы жылдың 5 мамырында Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидаттарды ілгерілету құрметіне ҚР Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінің мерзімді қызметінің әскери қызметшілері үшін әскери-патриоттық квест өткізілді.

Іс-шараны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті «Заң мен тәртіп» идеологиясы шеңберінде «Жастар Рухы» жастар қанатының қолдауымен ұйымдастырды және жастар арасында патриоттық рух пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға бағытталды.

Квест барысында сарбаздар бірқатар кезеңдерден өтті, соның ішінде спорттық эстафеталар, тарихи тапсырмалар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған тақырыптық викториналар болды.

«Мұндай іс - шараларды өткізу тек патриоттық тәрбиеге ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшілерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне жауапкершілікті, тәртіпті және принципті қатынасты қалыптастыруға ықпал етеді», - деп превенция басқармасы басшысының орынбасары Абай Жаналинов атап өтті.

Квест жас сарбаздарды біріктіріп, оларда ата-бабалар ерлігіне деген мақтаныш сезімін ғана емес, сонымен қатар Отанға адал әрі жауапкершілікпен қызмет етудің маңыздылығын сезінуге мүмкіндік берді.

Соңында квест жеңімпаздары естелік сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды, ал барлық қатысушыларға белсенділігі, бастамашылығы және көрсеткен қызығушылығы үшін алғыс айтылды.

 

#Заң_мен_Тәртіп #ЗАҢменТӘРТІП #ЖеңіскеБірге