Жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты тек жазалау практикасында болмауы керек

Жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты тек жазалау практикасында болмауы керек

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті "ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы" РМҚК филиалы Ақмола облысы бойынша Сот сараптамалары институтымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша кездесу өткізді.

Кездесу барысында Департамент қызметкері Е. Меңлібай қатысушыларға ағымдағы жылдың ақпан айында ел Президенті бекіткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың алдағы 5 жылға арналған тұжырымдамасының негізгі міндеттері туралы айтып берді.

Мәселен, стратегиялық құжатта белгіленген міндеттердің бірі жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру болып табылады. Осы қағидатты іске асыру шеңберінде "integrity check" - парасаттылыққа тексеруді енгізу тетігін әзірлеу, негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу, шығыстардың алынатын кірістерге сәйкестігі үшін декларацияларды тәуекелге бағдарланған бақылау жүйесін іске асыру, "follow the money" қағидаты бойынша қаржылық тергеу институтын енгізу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ пара ұсыну/параны уәде ету үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу көзделген.

Тұжырымдамада айтылғандай, жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты жазалау практикасында ғана емес, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, келтірілген залалды өтеуде және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруде де болуға тиіс. Бұл жерде құқық үстемдігін қамтамасыз ету және сот төрелігінің мінсіз жүйесі шешуші болуға тиіс, мұнда атқаратын лауазымдары мен байланыстарына қарамастан, барлық құқық бұзушылар сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылатын болады. Сот билігі мен судьялардың тәуелсіздігі күшейтіледі, олардың қызметінің ашықтығы мен олар қабылдайтын шешімдердің әділдігі қамтамасыз етіледі. Қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделін енгізу де елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде пәрменді шара болады.

Облыстық сот сараптамалары институтының қызметкерлеріне қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың жауапкершілігін күшейтуге және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлағаны үшін азаматтарға сыйақы беру жүйесіне қатысты заңнамалық нормалар түсіндірілді.