Алматы кәсіпкерлерімен құрылыс ережелері мен қалалық жоспарлау регламенттері талқыланды

Алматы кәсіпкерлерімен құрылыс ережелері мен қалалық жоспарлау регламенттері талқыланды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев нүктелі құрылыс пен заңсыз құрылыс мәселелерін шешу шараларын қабылдауды тапсырды. Бұл мәселелер экологияны нашарлатып, көлік кептелісін туындатып, қала тұрғындарының өмір сүру жайлылығын төмендетеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласының әкімдігімен бірге құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау жүргізіп, нысандардың сапасы мен қауіпсіздігіне әсер ететін факторларды анықтады. Оларды жою мақсатында ұсыныстар енгізіліп, іс-шаралар жоспары келісілді.     

Ұсыныстар мен жоспарға сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі «Қала құрылыс регламенті және Құрылыс ережелері» құжаттарын әзірлеп, олар Алматы қалалық мәслихатының шешімімен бекітілді. Аталған құжаттар қаланың орнықты дамуын, қауіпсіз құрылыс стандарттарын және сейсмикалық тәуекелдер ескеріле отырып, аумақтарды пайдалану талаптарын реттейді.

«Заң және тәртіп» тақырыбында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылысшылармен, мәслихат депутаттарымен, «Атамекен» ҰКП өкілдерімен және сарапшылармен кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында заңнамалық нормалар, оларды орындау механизмдері және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау шаралары талқыланды.

Құрылысшылар өзекті мәселелер бойынша түсініктемелер алды. Кейбір ұсыныстар бойынша Алматы қаласының әкімдігіне жазбаша өтініштер жіберу туралы шешім қабылданды.

Бұл бастама құрылыс процесстерінің ашықтығын арттыруға, бизнес үшін тең жағдайлар жасауға және қауіпсіз қала ортасын қалыптастыруға бағытталған.

# Заң_мен_жоғары тәртіп

# Заң мен тәртіп