Алматы қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті кеңейтілген отырысы өтті

Алматы қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті кеңейтілген отырысы өтті

2025 жылғы 17 маусымда Алматы қаласы әкімінің төрағалығымен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті бірлесіп ұйымдастырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыста Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы, қала әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Күн тәртібінде келесі негізгі мәселелер қаралды:

  • Алматы қаласы Туризм басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері;
  • Қаланың тау бөктеріндегі құрылыс саласында анықталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы;
  • Созылмалы проблемалық құрылыс нысандарын аяқтауға кедергі келтіріп отырған кемшіліктерді жою.

Алғы сөз сөйлеген қала әкімі Дархан Сатыбалды мен Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Арман Рахимов барлық уәкілетті органдардың жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу бағытында үйлесімді әрі жүйелі жұмыс жүргізуінің маңыздылығын атап өтті

Бірінші мәселе бойынша негізгі баяндамамен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жарқын Ғалымов сөз сөйледі. Ол туризм саласындағы туроператорлардың қызметіне және мемлекеттік сатып алуға қатысты нақты жемқорлық тәуекелдерін мысалға келтірді. Сонымен қатар, туризм саласын талдау нәтижесінде барлығы 11 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жоюға бағытталған 15 ұсыныс әзірленгені айтылды.

Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Буранбаев қала құрылысы саласындағы, әсіресе тау бөктеріндегі құрылыс саласында анықталған тәуекелдерді жою бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

Сондай-ақ, Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы Алмас Шабдарбаев ұзаққа созылған құрылыс нысандарын аяқтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Ол бұл жобалардың тоқтап қалуына немесе ұзаққа созылуына алып келген ұйымдастырушылық және басқарушылық кемшіліктерге тоқталып өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі тиісті ведомстволардың басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қабылданған шешімдердің орындалуын жеке бақылауға алатынын атап өтті.

Аталған отырыс «Заң мен тәртіп» идеологиялық нарративін жүзеге асыру аясында өтіп, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.

#ЗАҢ_мен_ТӘРТІП

#ЗАҢ мен ТӘРТІП