«Керуен Сити» СОО мен «Халық кеңсесі» ХҚКО алаңында облыстық Прокуратурамен бірлесіп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақтөбе облысы бойынша департаменті ұйымдастырған «Ашық қабылдау» акциясы өтті. Іс-шараға барлық құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Акция ашық форматта өтіп, азаматтар Прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да құқық қорғау органдарының өкілдеріне өз сауалдарын, шағымдарын және ұсыныстарын тікелей жолдау мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шараның басты мақсаты – құқықтық мәдениетті арттыру, билік институттарына деген сенімді қалыптастыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және азаматтардың еңбек құқықтары сияқты әлеуметтік маңызды салалардағы заңдылықты сақтау мәселелеріне баса назар аударылды.
«Ашық қабылдау» акциясы аясындағы іс-шаралар тек Ақтөбе қаласында ғана емес, облыстың бірқатар аудандарында да өткізілді. Бұл барлық өңір тұрғындарын қамтуға мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулерді қоғамдық орындарда өткізу – билік органдарының ашықтық және есептілік қағидаттарын нақты іске асыратын «Заң және Тәртіп» идеологиясының маңызды бөлігі болып табылады.
Акция қорытындысы бойынша түскен өтініштер мен азаматтардан келіп түскен сигналдар бақылауға алынды. Осындай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады.