Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылуына бақылауды күшейтіп, азаматтардың мүддесіне қайшы келетін және құрылыс саласындағы ықтимал заңсыздықтарға жол беретін бірқатар бұзушылықтардың алдын алды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ануар Исаев, облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтан Аманчин және қоғам өкілдерімен бірлесіп жүргізілген мониторинг барысында Ақтөбе облысының бірқатар аудандарындағы проблемалық құрылыс нысандарында өрескел заң бұзушылықтар анықталды.
Байғанин ауданы, Оймауыт ауылындағы 150 орындық мектеп-балабақша құрылысы 2021 жылы басталғанымен, бүгінге дейін жобалық түзету кезеңінде қалған. Мониторинг нәтижесінде мерзімдердің бұзылу және жоба құнының бастапқы 684 млн теңгеден 1,3 млрд теңгеге дейін қымбаттауы анықталды. Департамент бақылауының нәтижесінде мақсатсыз шығындардың жолы кесіліп, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары басталды.
Сонымен қатар, құрылыс алаңында санитарлық талаптардың бұзылуы, техникалық сәйкессіздіктер және жобалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамадан өтпеуі тіркелді. Осыған байланысты Департамент нысанда заңдылықты қалпына келтіру мақсатында мемлекеттік аудит жүргізуді бастамалады.
Алға қаласындағы әлеуметтік осал топтарға арналған 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы да 2021 жылдан бері аяқталмай келеді. Мердігер ауысқанына қарамастан, нысанның дайындығы 15%-дан аспайды, ал құрылыс алаңы төрт айдан бері бос тұр. Облыс әкімдігінің бейнебақылау камераларын орнату туралы тапсырмасы ескерусіз қалған. Бұл – жобаның ашықтығына теріс әсер етуде. Департамент мердігердің әрекетсіздігін тоқтатып, болашақ тұрғындардың мүддесін қорғау мақсатында жобаның орындалуына бақылауды қалпына келтірді.
Келесі нысан – Қандыағаш қаласындағы отбасылық демалыс паркі. Мониторинг нәтижесінде гранит жабынының бүлінуі, тротуар тақталарының шөгуі, жарықтандырудың жоқтығы және қураған көшеттер анықталды. Жобаның іске асырылуына 2019 жылы 234 млн теңге бөлінген, жоспарланған мерзімі – 7 ай болғанымен, құрылыс іс жүзінде 4,5 жылға созылған.
Жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында Департамент аталған нысандарға бағалау жүргізуді, олардың қала құрылысы, санитарлық және өзге де нормативтік талаптарға, соның ішінде ГОСТ-тарға сәйкестігін талдауды, жобалық шешімдермен нақты көрсеткіштерді салыстыруды бастамалады.
Шалқар көлінің түбін тазарту жобасы да ерекше алаңдаушылық туындатуда. Құны 3 миллиард теңгеден асатын бұл жобада бюджет қаражатының күмәнді бағыттарға жұмсалуы анықталып, жұмыстар тоқтатылған. Департамент бөлінген қаражаттың заңдылығын кешенді зерделеуді бастап, қоғамның сенімін қалпына келтіру мен азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған шаралар қабылдауда.
Автожолдардың жағдайы да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, «Шалқар-Бозой» бағытындағы 15 шақырым жол учаскесінде бөлінген қаржы игерілгеніне қарамастан, жұмыстың ешбір нақты белгісі байқалмаған. Департамент қаражаттың жымқыру қаупін болдырмай, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлескен тексеру ұйымдастырды. Бұл жол жамылғысының жай-күйіне тәуелсіз баға беріп, жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
«Мониторинг – бұл бұзушылықтарды кең ауқымды бюджет шығындарына айналдырмай тұрып, ерте сатыда анықтау, алдын алу және жоюға бағытталған әрекет ету құралы», – деді Ануар Исаев.
Аталған нысандар қоғамда орынды алаңдаушылық тудыруда және Департамент пен еріктілер тарапынан тұрақты бақылауға алынған. Анықталған барлық фактілер бойынша аудиттік тексерулер бастамаланды. Негізгі назар атқарылған жұмыстардың толықтығына, қаржылық тәртіпке және тауарлық-материалдық қорлардың болуына аударылуда. Қорытындысы бойынша тиісті лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту шаралары қабылданатын болады.