2025 жылғы 11 маусымда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» конференц-залында Ақтөбе облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібінде «Заң мен Тәртіп»: қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» тақырыбы қаралды.
Отырысқа облыс әкімі Асхат Шахаров, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың және облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Талғат Башев баяндама жасады. Ол ведомствоның сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамдық сенімді арттыруға бағытталған кешенді іс-қимылдарына тоқталды.
«Жемқорлық - бұл азаматтардың заңға, мемлекетке деген сеніміне сызат түсіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан біз заңбұзушылықтың салдарымен емес, себебімен күресуге басымдық беріп отырмыз. Атап айтқанда, 8000-нан астам адамды қамтыған 120-дан астам түсіндіру кездесулері өткізілді», – деді Т.Башев.
Оның айтуынша, мобильді топ шалғай ауылдарда 20-дан астам қоғамдық қабылдау өткізіп, құқықтық көмек көрсеткен. Сонымен бірге, азаматтық қоғаммен бірлескен жобалар аясында қоғамдық мониторинг және мемлекеттік сатып алуларды қадағалау арқылы 700 млн теңге үнемделді.
2022 жылдан бері тіркелген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының саны тұрақты түрде төмендеуде: 2022 жылы - 76, 2023 жылы - 62, 2024 жылы - 41, 2025 жылдың І жартыжылдығынада - 30 іс тіркелген.
«Біздің басты мақсатымыз – әділеттілік пен заңдылық қағидаттарына негізделген қоғам құру. Бұл жолда мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы шешуші рөл атқарады», – деді ол қорытындылай келе.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП