Абай облысында оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру мақсатында «Жемқорлық құқықты бұзу картасы» атты ғылыми жобалар байқауы өтті. Іс-шара Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаменті мен Білім басқармасының бірлескен жоспары аясында ұйымдастырылды.
Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық ұстанымын нығайту, олардың зерттеушілік қабілетін дамыту және құқықтық сауаттылығын арттыру.
Жас зерттеушілер өз жобаларында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының себеп-салдарлық байланыстарын талдауға тырысып, өз гипотезаларын қорғады. Оқушылар тұрмыстық, әлеуметтік, білім беру және басқа да салалардағы жемқорлық тәуекелдерін өздігінен зерттеп, нақты ұсыныстарын ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар арнайы марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Жастар – еліміздің ертеңі. Олардың бастамаларын қолдау – біздің ортақ міндетіміз. Өскелең ұрпақтың бойында «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген құндылықтарды қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды бағыты.
Осыған орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаменті жастардың бастамаларын тұрақты түрде қолдауға және дамытуға дайын екенін білдіреді.