Семей қаласында антикор-волонтерлер Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне мониторинг жүргізді

Семей қаласында антикор-волонтерлер Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне мониторинг жүргізді

Семей қаласында «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы және «Заң мен Тәртіп» идеологиялық нарративасы аясында еріктілер халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) мониторинг жүргізді.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бағалау, сондай-ақ жемқорлық тәуекелдерін болдырмау. Мониторинг нәтижесінде электрондық кезек жүйесінің тұрақты әрі қалыпты режимде жұмыс істейтіні анықталды, қызмет көрсету барысында елеулі кідірістер тіркелген жоқ. Азаматтар қызметтерді электронды және тірі кезек тәртібімен еркін ала алды.

Еріктілер орталыққа келген азаматтармен сауалнама жүргізіп, көпшілігі қызмет көрсету сапасына, қызметкерлердің сыпайы қарым-қатынасына және күту жағдайына оң бағасын берді. Келушілерге мемлекеттік қызметтерді алу құқықтары және шағым беру тәртібі туралы ақпараты бар жемқорлыққа қарсы жадынамалар таратылды.

Мониторинг қорытындысы бойынша ХҚКО басшылығына азаматтарды ақпараттандыруды жетілдіру, әлеуметтік осал топтарға басымдық беру және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша ұсыныстар берілді.

Аталған мониторинг мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

«Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы азаматтық қоғам өкілдерін әлеуметтік маңызы бар салалардағы қоғамдық бақылауға белсенді тартуды жалғастыруда.