
Абай облысында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы нығайтуға бағытталған «Antiparacraft» квест-ойыны өтті.
Квесттің басты мақсаты – жас ұрпақтың адалдық, парасаттылық және азаматтық жауапкершілік қасиеттерін дамыту, сондай-ақ білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтау қабілетін жетілдіру болды.
Ойынның маңызды аспектісі қатысушылардың назарын құқықтық мемлекет құрудың негізгі қағидаты ретінде «Заң мен Тәртіп» сақтаудың маңыздылығына аудару болды. Заңдарды сақтау әділеттілік пен тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар қоғамның барлық деңгейлерінде сыбайлас жемқорлықпен күресуге берік негіз жасайды.
Жеті кезеңнен тұратын ойын барысында қатысушылар ҚР Конституциясы бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, жемқорлыққа қарсы бейнероликтер түсіріп, Абайдың адалдық пен әділдікке қатысты ойларын талдап, плакаттар дайындап, түрлі жағдаяттық тапсырмаларды орындады. Квесттің соңғы кезеңінде командалар өздерінің «Менің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспарым» атты жобаларын қорғады.
Конкурс нәтижелерін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаментінің өкілдері, мемлекеттік органдар және университет оқытушылары өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Қатысушылардың жұмыстары 5 балдық жүйе бойынша бағаланып, олардың креативтілігі, ұсынылған шешімдердің дәлелділігі және азаматтық ұстанымы ескерілді.
«Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау тек абстрактілі талап емес, әркімнің азаматтық жауапкершілігінің қажетті бөлігі екендігі атап өтілді.
Квест қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, ең үздік командалар марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
«Antiparacraft» квест-ойыны – жастар арасында құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырудың тиімді әдістерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.