Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтардың белсенді қатысуын арттыру мақсатында жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлаған немесе өзге де түрде жәрдем көрсеткен азаматтарды жүйелі түрде ынталандырып отырады.
Азаматтардың 2024 жылы және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде жасаған өтініштері бойынша 8 қылмыстық іс аясында 10 тұлғаның жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны әшкереленді. 7 өтініш берушіге жалпы сомасы 1 808 900 теңге көлемінде ақшалай сыйақы төленді.
Қылмыстық істер құқық қорғау органдары мен білім беру саласының өкілдері тарапынан жасалған. Бұл әлеуметтік маңызы бар салаларда қоғамдық бақылауды одан әрі күшейту қажеттігін растайды.
Мысалдардың бірі – «А» азаматын пара беруге итермелеу арқылы алаяқтық схемаға тартуға әрекет жасалған жағдай. Болып жатқан оқиғаның заңсыз сипатын түсініп, ол бұл туралы дереу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлады. Жүргізілген іс-шаралар мен одан әрі тергеу нәтижесінде кінәлі адам 5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді жәрдемдескені үшін «А» азаматына 70 АЕК мөлшерінде сыйақы төленді.
Көтермелеу тәжірибесі сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимылда өзінің тиімділігін дәлелдеді. Хабарламалар тәулік бойы call-орталықтың 1424 нөмірі бойынша, сондай-ақ WhatsApp-бот арқылы 8-777-000-14-24 нөмірі бойынша қабылданады. Бұл ретте азаматтарға құпиялылық пен қорғауға кепілдік беріледі.
«Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту — әділетті әрі ашық қоғамның кепілі.