2025 жылғы маусым айында Аягөз ауданында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаментінің Оңтүстік аймағы бойынша ауданаралық бөлімінің ұйымдастыруымен Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынға Аягөз аудандық мәслихатының депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаментінің Оңтүстік аймағы бойынша ауданаралық бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандар, ауыл шаруашылығындағы субсидиялау, жер қатынастары, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы, жол сапасы, инфрақұрылым және ауыз сумен қамту мәселелері қаралды.
Кеңестің негізгі мақсаты – қоғам мен билік арасындағы кері байланысты нығайту, аудан көлемінде туындап отырған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді ашық талқылау, сонымен қатар жемқорлықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Кездесу барысында ауданаралық бөлім қызметкерлері қолданыстағы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер мен жаңашылдықтар туралы баяндап, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат берді.
Көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады. Кеңес мүшелері қоғамдық бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.