Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаменті мен Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Абай сөзі – әділдік темірқазығы» атты республикалық зияткерлік ойын өтті.
Зияткерлік ойын қазақтың ұлы ойшылы, ақын және ағартушы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында әділдік, адалдық және парасаттылық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ Абай мұрасын қазіргі заман тұрғысынан қайта жаңғыртып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Ойынға еліміздің түрлі өңірлерінен жиналған жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты. Қатысушылар Абайдың шығармаларын терең зерделеп, ақынның ой-тұжырымдары мен қағидаларын қазіргі қоғамдағы әділдік пен адалдық ұғымдарымен байланыстыра білді.
Зияткерлік ойын барысында жастар таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, командалық жұмыс, логикалық ойлау және жауапкершілік сынды маңызды дағдыларын көрсетті. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға рухани серпіліс пен мотивация сыйлады. Бұл жоба арқылы жастар арасында «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтып, парасаттылық пен адалдықты өмір салтына айналдыруға бағытталған маңызды қадам жасалды.
Ойын қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынға Батыс Қазақстан облысының «Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық коллекджі» студенттері, екінші орынға Абай облысының «Семей медицина университеті» студенттері және үшінші орынға Ақмола облысының «Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» студенттері ие болды.
Жеңімпаздар жоғары деңгейдегі эрудицияны, топтық жұмысты және Абай идеяларын терең түсінгендерін көрсетті. Барлық жүлдегерлер дипломдармен, алғыс хаттармен және ұйымдастырушылардың естелік сыйлықтарымен марапатталды.