Мәслихаттардың құзыретiне:
- Тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, соның ішінде қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдері іске асыратын (әрбір қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ бойынша жеке-жеке) бюджеттік бағдарламаларды бекіту;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жергілікті мемлекеттік басқарудың базалық құрылымдары негізінде қалыптастырылған әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын әкімнің ұсынуы бойынша бекіту;
- Өздерiнің қарауына жатқызылған әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;
- Жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту;
- Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтетiн үлгiлiк қағидалар негiзiнде әзiрленген жасыл екпелердi күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекiту;
- Әкімнің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының шешiмімен тиісті әкімдіктің дербес құрамын келісу;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен, әкімнің ұсынуы бойынша ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі басшысының лауазымына кандидатураны келісу;
- Атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау және тиісті органдарға мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдарды жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізу;
- Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі басшыларының есептерін қарау және олардың қызметін бағалау;
- Қазақстан Республикасының сайлау туралы заң актiсiне сәйкес аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының мүшелерiн жасырын немесе ашық дауыс берудi өткiзу жолымен сайлау;
- Жергілікті бюджеттің, аумақты дамыту бағдарламаларының атқарылуына бақылау жасау;
- Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебін қарау;
- Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерін тексеру комиссиялары жұмыстарының жоспарына енгізу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларына ұсыныстар енгізу;
- Мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарын құру, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, мәслихаттың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;
- Әкімнің ұсынуы бойынша ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әкімдік жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамын бекіту;
- Әкімнің ұсынысы бойынша «Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағын беру;
- Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі әзірлеген және ұсынған «Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын бекіту;
- Облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені әзірлеу және бекіту;
- Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес жер қатынастарын реттеуді жүзеге асыру;
- Азаматтар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын орындауына жәрдемдесу;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
Аудан (облыстық маңызы бар қала), республикалық маңызы бар қала, астана мәслихаттарының құзыретіне әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту жатады.
Аудандық мәслихаттардың құзыретіне сонымен бірге тиісті ауданның аумағында орналасқан қалалар, кенттер мен ауылдар салудың бас жоспарларын бекіту, аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл әкімінің атқарылған жұмысы туралы есебін қарау және аудан әкіміне тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс әкімін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізу жатады.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты облыстың тексеру комиссиясынан тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы мәселелері бойынша жүргізілген бақылау іс-шаралары туралы ақпарат сұратуға құқылы.