
Алтай ауданының мәслихатында тұрақты комиссия мен Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Отырыс барысында тұрғындарды толғандыратын бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Күн тәртібіне жер учаскесін алып қою, жұмыспен қамту, жалпы білім беретін мектептердегі тамақтандыруды ұйымдастыру, 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық, халықты сумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру және инженерлік желілерді жаңғырту мәселелері енгізілді.
Сондай-ақ отырысқа қатысушылар туризм және кәсіпкерлік салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық жағдайын жақсарту және сәулеттік келбетін қалыптастыру шараларын талқылады.
Мектептердегі тамақтандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қоғамдық кеңес мүшелері мектептердегі тамақтану құнының жоғарылығына қатысты мәселе көтерді.
Ең қызу талқылау 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселесі бойынша өтті. Қоғамдық кеңес мүшелері дайындық барысы мен қажетті жұмыстарды аяқтау мерзімдеріне қатысты сұрақтар қойды. Атап айтқанда, Серебрянск және Алтай қалаларында жылыту маусымы басталғанға дейін жұмыстардың толық аяқталуына қатысты мәселелер көтерілді.