Алматы облысы аграршыларға қолдауды «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы арттырып жатыр

Алматы облысы аграршыларға қолдауды «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы арттырып жатыр

Алматы облысында фермерлерды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы – «Кең дала 2»-ге қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды. Аймақта бұл бағдарламаны жүзеге асырушы оператор – «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ.

Несиелеу бағдарламасы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын (КЕЖТЖ) жүргізуге ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға бағытталған. Жеңілдетілген қаржыландырудың мақсатты арналуы – егіс және жиын-терін жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатын толықтыру.

Несиелер 18 айға дейінгі мерзімге, жылдық 5 % жеңілдетілген мөлшерлемемен беріледі. Қарыз сомасы егістік алқаптың 1 гектарына шаққандағы шығын нормативтері негізінде жеке есептеледі.

Бағдарлама шарттарына сәйкес несие қамсыздандыру ретінде:

  • жылжымайтын мүлік;

  • немесе «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қарыз сомасының 85 %-ына дейінгі кепілдігі қабылданады.

Қарызды өтеу кестесі:

  • негізгі қарыздың 50 %-ы – ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізілген жылдың 1 желтоқсанына дейін;

  • қалған 50 %-ы – келесі жылдың 20 ақпанына дейін.

Қарызды мерзімінен бұрын ішінара немесе толық өтеуге болады. Сыйақы сол мерзімдерде немесе несие комитетінің шешімімен жеке кесте бойынша төленеді.

Қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптар:

  • аграрлық салада кемінде 3 жылдық тәжірибе;

  • егістік алқаптарының болуы (меншікте, жалға алу немесе бірлесіп пайдалану шарттары бойынша);

  • соңғы 24 айда 180 күннен астам мерзімі өткен берешектің болмауы;

  • соңғы есептілік бойынша оң қаржылық нәтиже;

  • 100 % кепілзат қамтамасыздығының болуы.

Барлық қарыз қаражаты қаржыландыру жылының 1 тамызына дейін игерілуі тиіс.

«Кең дала 2» бағдарламасы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылып, фермерлердің қаржылық тұрақтылығын арттыруға, өнімділікті көтеруге және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.