Жазғы демалыс – денсаулық пен дамуға жол

Жазғы демалыс – денсаулық пен дамуға жол

Жазғы демалыс– әрбір оқушы асыға күтетін ерекше кезең. Балалардың бұл уақытты пайдалы, қауіпсіз әрі қызықты жағдайда өткізуі үшін 2025 жылы өңірде кең ауқымды жазғы демалыс пен сауықтыру науқаны ұйымдастырылады.

Жалпы білім беретін мектептер жанынан тамақсыз жұмыс істейтін 408 жазғы алаң мен қосымша білім беру ұйымдары жанынан 30 алаң ашу жоспарланып отыр. Жазғы лагерьмен 295 410 бала қамтылады деп күтілуде. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 23 мыңға көп. 2024 жылы 400 алаң жұмыс істеп, оларда 271 918 оқушы демалған болатын.

Әлеуметтік осал топтағы балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік жағдайы төмен 128 566 оқушының 111 850-сі, яғни 87%-ы жазғы демалыспен қамтылады. Олардың қатарында жетім балалар, қорғаншылық пен қамқоршылықтағы балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар, девиантты мінез-құлыққа бейім жасөспірімдер бар.

Жазғы науқанға дайындық аясында лагерь басшылары, мемлекеттік және жекеменшік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен семинарлар өткізіледі. Жауапты тұлғаларға барлық нұсқаулықтар мен ұсыныстар жеткізілді.

Биыл Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес міндетті білім беру қорынан бөлінетін қаржы есебінен облыстық бюджеттен жекелеген санаттағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 282 млн 310 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, әрбір ата-ана баласын лагерьге өз қаражаты есебінен жібере алады. Өткен жылы мемлекеттік қаржыландырудың арқасында 1275 бала демалса, «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының қолдауымен тағы 2421 бала жазғы демалыспен қамтылды.

Маусымдық лагерьлердің барлығы 1 маусымнан бастап жұмысын бастайды және 31 тамызға дейін жалғасады. Балаларға тамақтану ақылы негізде ұсынылады, егер олардың әлеуметтік санатына сәйкес өзгеше көзделмесе. Жазғы демалыстың маңызды бөлігі – мазмұнды іс-шаралар бағдарламасы болады: спорттық жарыстар, эстафеталар, шахмат және үстел ойындары бойынша турнирлер, шығармашылық байқаулар, шеберлік сабақтары, экскурсиялар, зияткерлік ойындар, квесттер, тақырыптық кештер, концерттер, театр қойылымдары мен би кештері ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – балалардың белсенді, қауіпсіз және пайдалы демалысына қолайлы жағдай жасау.

Ойын-сауық және танымдық іс-шаралар вожатыйлармен, қосымша білім беру педагогтерімен, сондай-ақ мәдениет, спорт, кітапхана, музей, медицина және құқық қорғау органдарының мамандарымен ұйымдастырылады. Лагерь бағдарламасы аясында балаларды экскурсияларға шығару жоспарланған: музейлер мен мәдени орталықтарға бару, табиғи көрнекі орындармен танысу, кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарына сапарлар, фестивальдер мен жарыстарға қатысу. Барлық сапарлар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, педагогтер мен медицина қызметкерлерінің ілесуімен өтеді, ал балаларды тасымалдау лицензиясы бар тасымалдаушылар арқылы жүзеге асырылады.

Барлық лагерьлерде тәулік бойы медициналық қызмет көрсетіледі. Медициналық кабинеттер жабдықталып, фельдшер немесе медбике тұрақты негізде жұмыс істейді, санитарлық жағдай бақылауға алынып, алдын алу тексерістері жүргізіледі. Қажет болған жағдайда балалар шұғыл түрде медициналық мекемелерге жеткізіледі. Сонымен қатар, балалармен денсаулық, жеке гигиена және судағы қауіпсіздік мәселелері бойынша профилактикалық әңгімелер ұйымдастырылады.

Балалардың қауіпсіздігі – әр лагерьдің басымдығы. Лагерь аумағында кіру-шығу тәртібі бақыланып, мүмкіндігінше бейнебақылау орнатылады, тәулік бойы күзет қызметі ұйымдастырылады. Өрт қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша нұсқаулықтар өткізіліп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толық сақталады. Балалардың суға шомылуына тек арнайы жабдықталған жерлерде, құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің бақылауымен ғана рұқсат етіледі.

Белсенді демалыстан бөлек, лагерьлерде білім беру және шығармашылық іс-шаралар да ұйымдастырылады. Зияткерлік викториналар, экологиялық тақырыптағы әңгімелер, көркем әдебиет оқу, қолданбалы өнермен айналысу, театр және музыкалық қойылымдар, шақырылған мамандармен дәрістер мен кездесулер – барлығы балалардың ой-өрісін кеңейтуге және қабілеттерін дамытуға бағытталған. Сабақтар ойын түрінде, балалардың жас ерекшелігі мен қызығушылықтарын ескере отырып өткізіледі, бұл өздерін көрсетуге тағы бір мүмкіндік береді.

Осылайша, 2025 жылғы жазғы сауықтыру науқаны ондаған мың баланы қамтып, әрбір баланың демалысын тек қызықты ғана емес, пайдалы етуге мүмкіндік береді. Бұл – өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға қосылған маңызды үлес, ең бастысы – ел болашағына жасалған қамқорлық.