Қонаев қаласында спорт саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Қонаев қаласында спорт саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Алматы облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмаларын жүзеге асыру аясында спорт саласына арналған кеңейтілген жиын өтті.

Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек, спорт федерациялары мен ұйымдарының өкілдері, танымал спортшылар мен сала ардагерлері қатысты.

Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды:
– Спорт саласында деструктивті діни ағымдардың алдын алу;
– Өңірдегі футбол инфрақұрылымының жай-күйі;
– Жастар тәрбиесіндегі спорттың рөлі.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде спорт саласының ел болашағындағы маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының бастамаларын өңірлік деңгейде іске асыру қажеттігін атап өтті.

«Спорт – бұл ұлт саулығы мен елдің рухани қуаты. Бүгінгі кездесуіміз – осы бағыттағы жүйелі жұмысты күшейтудің бастамасы. Мемлекет басшысы атап өткендей, балалар мен жасөспірімдер арасында спортты кеңінен насихаттау – стратегиялық міндет», – деді өңір басшысы.

Футбол инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша Алматы облыстық футбол федерациясының президенті Айдос Кашкеев пен «Jeyran» футбол клубының директоры Асхат Машанов баяндама жасады. Олар стадиондарды жаңғырту, футбол клубтарын жекешелендіру және бизнес құрылымдарды тарту мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар, Қазақтың спорт және туризм академиясы проректоры Айдын Дошыбеков пен SPORT+ арнасының бас редакторы Айбек Сайлау жастар тәрбиесіндегі спорттың тәрбиелік, рухани маңызы туралы пікір білдірді.

Жиын соңында облыс әкімі спорт саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар спортшылар мен сала мамандарын Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады.

Айта кетейік, Алматы облысында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Өңірде 900-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді, 300 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады.