Қонаев қаласы жаңа мүмкіндіктер кезеңіне қадам басты

Қонаев қаласы жаңа мүмкіндіктер кезеңіне қадам басты

2022 жылдан 2024 жылға дейін Қонаев қаласында қалалық ортаны жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. 29 шақырым жол жөнделіп, 72,7 шақырым электр беру желілері мен 26 шақырым су құбыры тартылды. 65 нысан абаттандырылды, оның ішінде орталық саябақ, көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары бар. 48 тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырлары, 10 шақырым апатты кәріз желілері және 2,4 шақырым жылу жүйелері жөнделді.

Облыс орталығындағы өмір сапасын арттыру үшін «Smart Qonaev» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Қала бойынша 308 қоғамдық бейнебақылау камерасы орнатылды. iQonaev электрондық жобасы, жолақы төлеу жүйесі және Бірыңғай төлем құжаты енгізілді. Сондай-ақ, Бірыңғай байланыс орталығы, «Ақылды жарықтандыру», «Ақылды қиылыс», «Ақылды бағдаршамдар», «Төтенше жағдай түймелері» жобалары іске асырыла бастады.

Бұл жетістіктер мемлекеттік қызметшілердің үйлесімді әрі тынымсыз еңбегінің, жергілікті атқарушы органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың және өңір тұрғындарының белсенділігінің нәтижесі болды.

2025 жылдың сәуірінде жаңа абаттандырылған жағажай пайдалануға берілді. Бұрын Қапшағай су қоймасы бойындағы жағажай қараусыз, жарақталмаған еді. Енді бұл — балалар мен спорттық алаңдары, субұрқақтар, орындықтар мен суға ыңғайлы түсу жолдары бар заманауи қоғамдық кеңістікке айналды. Бұл жобаға «Freedom Life» өмірді сақтандыру компаниясы қолдау көрсетті.

Жұмыстар 2024 жылдың жазында басталып, қаланың нағыз көрнекілігіне айналған жағалау толықтай жаңғыртылды. Мұнда жаңа тас төсеніштер төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды, жарық жүйесі жаңартылды. Ашық аспан астында спорттық құрылғылары бар кең балалар және спорт алаңдары, демалыс аймақтары мен воркаут кеңістіктері салынды. Территория субұрқақтармен және жағажайға апарар баспалдақтармен толықтырылды.

2025 жылдың наурызында соңғы кезең – гүлзарлар, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар отырғызу жұмыстары аяқталды.

Ұзындығы 1 шақырым болатын жаңартылған жағалау — бұл демалыс, серуендеу, спорт және отбасылық уақыт өткізуге арналған заманауи әрі жайлы қоғамдық кеңістік. Аталған бастаманы жүзеге асыруға «Freedom Life» өмірді сақтандыру компаниясы 4,53 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Бұл жоба — қала тұрғындарының мүддесі үшін мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі болды.