2025 жылғы 7 - 11 сәуір аралығында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ПАСЕ) кезекті сессиясы өтуде. Бұл сессияға Алматы облысынан келген делегация қатысуда, оның құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясының алты өкілі енген.
Сессия аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Алматы облысының әкімдігі мен Эльзас Еуропалық қауымдастығы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылған «Қазақ бұрышының» ашылуы болды. Аталған құжат 2024 жылы Қазақстан Президентінің Парижге жасаған мемлекеттік сапары қарсаңында қол қойылған еді.
Алматы облысынан келген делегация Страсбургте ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны таныстыратын ерекше мәдени алаң ұйымдастырды. «Қазақ бұрышында» қонақтар фото және бейнематериалдармен, кітаптар мен брошюралармен, ұлттық стильдегі кәдесыйлармен, қолданбалы өнер бұйымдарымен танысты. Сондай-ақ қазақтың ұлттық киімдері мен тағамдары көрмеге ерекше көрік беріп, еліміздің мәдениеті, дәстүрі мен туристік әлеуетін паш етті.
Биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше алғыс білдірілді. Бұл – еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын бірегей институт.
Алматы облысы «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-нің басшысы Елбосын Абай: — Қазір ПАСЕ сессиясы өтіп жатыр. Біз «Қазақ бұрышын» таныстырып отырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сессия қонақтарын қазақ халқының ұлттық тағамдарымен, мәдениетімен, фольклоры және қолданбалы өнерімен таныстырудамыз, – деді ол.
Іс-шараның шарықтау шегі – отандасымыз Е. Дүкеннің домбырада қазақтың халық күйі «Көроғлыны» орындауы болды. Бұл өнер көрсетілім еуропалық көрермендер, қазақ диаспорасы және студенттер тарапынан үлкен қызығушылық пен жылы лебізге ие болды.
Генералды консул А. Бақытбекқызы құттықтау сөзінде француз ұйымдастырушыларына және қазақстандық делегацияға ризашылығын білдіріп, еліміздің мәдениетін лайықты деңгейде таныстырғанын атап өтті. Ол бұл бастаманың Қазақстан мен Эльзас арасындағы туризм, инвестиция және мәдени алмасу сияқты салалардағы өзара тиімді өңіраралық серіктестікті дамытуға бағытталғанын айтты.