Алматы облысы елдегі жетекші туристік өңірлердің бірі ретінде өз позициясын нығайтуға нық қадам жасауда. 2025–2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында инфрақұрылымды жақсарту, туристік маршруттарды жаңарту және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша ауқымды өзгерістер жоспарланған. Бұл шаралар өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, жергілікті халық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Кешенді жоспарды жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде Қаскелең мен Түрген шатқалдарын дамытуға басымдық берілді. Бұл көркем жерлерде заманауи демалыс аймақтары, жаяу серуендеу маршруттары және отбасылық демалысқа арналған алаңдар салынады. Осы локацияларды дамыту туристер ағынын арттырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.
Қаскелең және Түрген шатқалдарында туристердің жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында байланыс желілері тартылмақ. Бұл тұрақты мобильді байланыс пен жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл қадам жергілікті тұрғындар мен туристік бизнес үшін аса маңызды болмақ.
Алматы облысының тау бағыттары енді қолжетімді және қауіпсіз бола түседі. Кешенді жоспар аясында жалпы ұзындығы 143 км болатын 27 жаңа маршрут жабдықталады. Әр 5 шақырым сайын арнайы демалыс аймақтары орналастырылады, бұл жаяу серуендеуді сүйетіндерге жайлы жағдай жасайды. Бұл өзгерістер өңірдің танымалдылығын арттырып, экотуризмді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жобаның маңызды бөлігі – 26 км-ден астам жаңа автожолдардың құрылысы және тау аймақтарына электр және су желілерін тарту. Бұл туристер үшін ыңғайлы жағдай жасап қана қоймай, бизнестің дамуына ықпал етіп, өңірдің экономикалық өсуіне серпін береді.
Алматы облысында танымал тау-шаңғы курорттары кеңейтілуде. Кешенді жаңғырту «Oi-Qaragai» және «Ақ-Бұлақ» курорттарын қамтиды, онда жаңа трассалар салынып, Ыстық көлі абаттандырылады және «Арша» қонақ үйі бой көтереді. Бұл шаралар өңірді жыл бойы туризм үшін тартымды етіп, туристер санын арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашады.
«Oi-Qaragai» курорты ауқымды кеңеюді күтуде: оның аумағы 105 гектардан 1000 гектарға дейін ұлғаяды. 2028 жылға қарай курортқа келушілер саны 300 мыңнан 850 мың адамға дейін өседі деп күтілуде, ал жалпы инвестиция көлемі 83,2 млрд теңгені құрайды. Бұл жоба тау туризмін дамытудың және жаңа инвесторларды тартудың маңызды кезеңі болмақ.
Туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін кәсіби гидтер мен экскурсоводтарды даярлау бағдарламалары іске қосылады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар сұранысқа ие мамандықтарды игеріп, қонақжайлылық индустриясында жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру өңірдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды. Жақсартылған инфрақұрылым, туристік нысандарды жаңғырту және инвесторларды тарту жергілікті халықтың өмір сапасын арттырып, жаңа саяхатшыларды қызықтыруға мүмкіндік береді. Алматы облысы белсенді және отбасылық демалыстың орталығына айналып, туризм мен бизнесті дамыту үшін жаңа көкжиектер ашады.