Алматы облысында спорт жылының қорытындысы шығарылды: үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды

Алматы облысында спорт жылының қорытындысы шығарылды: үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды

Алматы облысында 2024 жылдың спорттық жетістіктері қорытындыланып, «Хан Тәңірі» сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара Қонаев қаласының Мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

«Біздің облыс тек елімізде ғана емес, сондай-ақ шетелде де спорттық көрсеткіштер бойынша танылып отыр. Сондықтан біз қаржыландыру, дайындық процесін ұйымдастыру және материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелеріне ерекше назар аударамыз. Бұл дәстүр болашақта да жалғасатын болады», – деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

«Хан Тәңірі» сыйлығы сегіз номинация бойынша тапсырылды: «Үздік спортшы», «Үздік жаттықтырушы», «Үздік СДЮСШ», «Үздік ДЮСШ», «Үздік спорт мекемесі», «Үздік спорт федерациясы», «Үздік спорт ауданы» және «Үздік спорт клубы».

Марапаттау шарасына 180 спортшы, жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, мамандар мен журналистер қатысты. Жыл қорытындысы бойынша жеңімпаздарға төсбелгілер, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Алматы облысы әкімінің және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамоталары, сондай-ақ ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Жылдың үздік спортшыларының қатарында Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, сондай-ақ Олимпиада қатысушылары: стендовиктер Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко, Мария Дмитриенко және Никита Чирюкин болды.

2024 жылы дене шынықтыру мен спортты дамытуға облыс бюджетінен 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржылық қолдау 242 жетекші спортшыны қамтиды, олардың стипендиясы 51 000-нан 500 000 теңгеге дейін.

Жыл қорытындысы бойынша Алматы облысының спортшылары 2258 медаль жеңіп алды, оның 789-ы алтын. Бұл Қазақстандағы ең үздік көрсеткіштердің бірі. Бір жыл ішінде өңір халықаралық дәрежедегі 5 спорт шеберін, 46 спорт шеберін және 1189 спорт шеберіне үміткер дайындады.

Облыста бұқаралық спортқа айрықша көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері 4557 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, халықтың 41,4%-ы дене шынықтырумен айналысуда.

Жас спортшыларды даярлау мақсатында 25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 23 мыңнан астам бала мен жасөспірім 67 спорт түрінен жаттығады.

Бүгінгі таңда Алматы облысында 1891 спорт нысаны жұмыс істейді. 2025 жылы тағы 15 жаңа нысан салу жоспарлануда, ал төрт спорт ғимаратының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Марапаттау рәсімін Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы ұйымдастырды.

Алматы облысы спорт саласындағы өз позициясын нығайтып, жоғары деңгейде спортшыларды даярлау мен инфрақұрылымды дамыту арқылы жаңа чемпиондар ұрпағын тәрбиелеуді жалғастыруда.