Ауқымды науқан жалғасуда

Ауқымды науқан жалғасуда

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 79 жыл толуына орай Алматы облысындағы жеті ардагерге 2 миллион теңгеден қаржы бөлініп, азық-түлік себеттері беріледі. Сонымен қатар, тылдағы еңбегі мен қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, жауынгерлерге, қоршаудағы Ленинград жұмыскерлеріне, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындарына, радиациялық апаттар мен ядролық сынақтардың құрбандары, сондай-ақ соғыс мүгедектеріне 10-нан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлемақы төленеді..

Бұл ретте Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің құрметіне қойылған ескерткіштер де назардан тыс қалмады. Облыста Ұлы Отан соғысының 138 ескерткіші болса, оның ішінде 99 ескерткішті әктеу және сырлау жұмыстары жүргізілген. Бұл әрекет рух бірлігін нығайтып, ата-бабаларымызды жадыда сақтауға мүмкіндік береді.

Өңірдегі әлеуметтік белсенділік экологиялық өзгерістермен жалғасуда. Сәуірдің 15-і мен 17-сі аралығында қоршаған ортаны тазарту мен сақтауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Киелі мекен» шарасы өтті. Шараға 3263-тен астам адам қатысты, оның ішінде өнер қайраткерлері, мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, студенттер және әр аудан тұрғындары. Жиналған қалдықтардың жалпы көлемі 7 тонна болса, оның 3 тоннасы қайта өңдеуге жіберілді. Санитарлық тазартуға жататын аумақтың ауданы 6000 гектардан астам болды.

Облыста 1191 тарихи және мәдени ескерткіштер тіркелген, оның 961-і археологиялық, 230-ы қала құрылысы және сәулет ескерткіштері. Акция аясында 164 ескерткіште реставрация, сырлау және басқа да жұмыстар жүргізілді. Таңдалған нысандардың ішінде дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне үш ескерткіш енгізілген: Талғар, Қарамерген елді мекендері және Тамғалы мұражай қорығы. Сонымен қатар, облыста республикалық маңызы бар 5 және жергілікті маңызы бар 799 ескерткіш бар.

Бұл іс-шаралар ардагерлерге деген құрметті және оның тарихы мен мәдениетінің маңыздылығын түсінетін, азаматтық қоғамды қалыптастыруға ықпал ететін, өңірдің табиғи және мәдени мұрасын сақтауға қоғамның белсенділігін арттырады.