Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданындағы нысандарды аралады

Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданындағы нысандарды аралады

Алматы облысында 80%-дан астам халық ауылда тұрады. Соның бірқатары Райымбек ауданында орналасқан. Аталған аймақтың даму жолы ауыл шаруашылығына негізделген. Сондықтан өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев алдымен «Рауан Агро» ЖШС-ға барды. Бұл серіктестік мал бордақылаумен, асылдандырумен айналысады. Кәсіпорын Қарасаз ауылында орналасқан. Аумағы – 500 шаршы метрден астам. Серіктестіктің иелігінде 1500 гектар жайылым және егіншілік жерлері бар. Ай сайын шаруашылық 20 тонна ет өндіріп, өткізеді. Әкім қызметкерлермен сөйлесіп, кәсіпорын жағдайымен танысты.

«Қазіргі таңда аудан ауыл шаруашылығын дамыту үшін жұмыс істеп жатыр. Болашақта шаруашылықтарыңыз бұдан да дамиды деген сенімдеміз. Біздің тараптан кез келген мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Істеріңізге сәттілік тілейміз», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Бұдан кейін өңір басшысына Қытай мен Қазақстан арасына түсетін туристік маршруттың жобасы көрсетілді. Жалпы туризмді дамытуда Райымбек ауданының әлеуеті жоғары. Бұл мекен Алматы тау кластерінің басым бағыттарының ТОП ондығына кіреді. Қазақстандағы ең биік тау шыңы Хан Тәңірі, Баянкөл шатқалы, Тұзкөл көлі, Текес сарқырамасы осында орналасқан. Жоба таныстырылымын жасаған мамандардың айтуынша, емдік-сауықтыру орталығын құру үшін Тұзкөл көлінің (көл балшығының) құрамы зерттеліп, инвесторларға ұсынылады. Сонымен қатар алдағы уақытта Нарынқолда Қытаймен шекара аумағында жаяу жүргіншілер маршрутын ашу қарастырылады. Бұл бағыт аудандағы екі ірі көл арқылы өтпек.

Жоба жайлы тыңдаған әкім екі ел арасындағы визасыз режим келісімі 2023 жылдың 10 қарашасынан бастап күшіне енетінін айтты.

«Шетелдік туристер ағыны артатындықтан, инфрақұрылымды дайындау мақсатында қаржылай қолдау алу үшін жобалар санын ұлғайту қажет», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасаз ауылында салынып жатқан өнер мектебіне де барды. Нысанның құрылысы биыл сәуірде басталып, ендігі жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Ал жоба құны 1 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ өңір басшысы осы ауылдағы сүт өнімдерін шығаратын «Қарасаз Фуд» кәсіпорынына ат басын бұрды. Компания 2021 жылдан бері 15 түрлі өнім өндірумен айналысады. Мұнда күн сайын 10 тоннадан астам сүт өңделеді. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, бүгінде зауыт толық қуатында жұмыс істемей тұр. Себебі, шикізат жеткіліксіз. Сондықтан басшылық алдағы уақытта Чехиядан сүтті ірі қара мал сатып алуды көздеп отыр.

Марат Сұлтанғазиев айран, сүт, құрттың дәмін татып, өнімдердің сапалы екенін айтты. Содан соң зауытты аралап шықты. Кейіннен басшылыққа жәрмеңкелерге көптеп қатысуды, өнімдерді «Алтын орда» базарындағы облыстың шаруалары үшін тегін қойылған жерде саудалауды ұсынды. Ал аудан әкіміне глэмпинг аймақтарда компания өнімін жарнамалауды тапсырды.