Алматы облыстық мәслихатының III сессиясы өтті

Алматы облыстық мәслихатының III сессиясы өтті

 

Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстық мәслихаттың кезекті III сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов жүргізді.         

Күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды.

Бірінші мәселе бойынша Алматы облысының 2022 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова баяндама жасады.

Ұзақованың айтуынша, өткен жылы экономика секторының барлық бағытында өсу қарқыны байқалып, облыстың жалпы өңірлік өнімі 2022 жылдың 9 айында 2538,5 млрд теңгені, жан басына шаққанда 1 706,3 млн теңгені құраған. Өнеркәсіпте өңдеуші сектордың 8,7 пайызға ұлғаюы есебінен өндіріс көлемі 8,9 пайызға артып, 1,5 трлн теңгеден асқан.

«Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 736,5 млрд теңгеге жетті немесе 2021 жылмен салыстырғанда 100,1 пайызға орындалды. Оның ішінде, мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 2,3 пайызға өсті. Жалпы АӨК-ні қолдауға 34,1 млрд теңге, оның ішінде субсидияларға 31,0 млрд теңге бағытталды. 15 мыңға жуық шаруа қожалығына қолдау көрсетілді.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 28,4 пайызға артып, 306,5 млрд теңгені құрады. 790 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді және 2021 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға ұлғайды. Шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 116,6 мың бірлікті құрады. Облыс экономикасына 609 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, өсім 14,1 пайызды құрады. Өткен жылы сауда көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті және 8,4 пайызға ұлғайды, биыл 1,6 трлн теңге болды. Мемлекеттік бюджет жоспары 105 пайызға орындалды, жоспар бойынша 743,2 млрд теңге болса, 780,1 млрд теңге түсті, бұл 2021 жылдан 17,6 пайызға артық (2021 жылы-663,4 млрд. теңге). Республикалық бюджетке 384,0 млрд теңге, жергілікті бюджетке 396,1 млрд теңге түсті», - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, өткен жылғы бюджеттің шамамен 50,1 пайызы әлеуметтік шығыстарға, демек, білім беру, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласына және 49,9 пайызы нақты секторға және басқа да шығыстарға, яғни, тұрғын үй-коммуналдық, ауыл шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, көлік және коммуникация, құрылыс қызметіне бағытталған. Осы мәселе бойынша облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мейрам Мұсаев қосымша баяндама жасады.

Облыстық экокомика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Аслан Ораз «2018 жылға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» 2018 жылғы 18 сәуірдегі №30-161 Алматы облыстық мәслихатының шешіміне өзгеріс енгізу жайын баян етті. Сондай-ақ, облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Күнесбаев Қонаев қаласының бас жоспарының жобасын мақұлдау және 2-ші жартылай айналмалы автомобиль жолына дейін ҮАААЖ сыртында орналасқан Алматы облысы аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын бекіту туралы сөз етті.

Жиын барвысында «Алматы облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесі бекітілді.

Облыс басшысы көпшілікті алаңдатар жайттардың бірі - газ, су, саяжай мәселесі екеніне айрықша тоқталып, мұның кезең-кезеңімен шешілетінін, Қонаев қаласының бас жоспарының бекітілуімен «Жаңа Іле» бағытында облыс орталығы көркейе түсетінін, өңірдің гүлденуімен халықтың тұрмыс-тіршілігі де жақсаратынын жеткізді.

Күн тәртібінде көтерілген барлық мәселе депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.