Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы

Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы

Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен жиында 2023 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық және ауыл шаруашылығының дамуы мен инвестициялар тарту мәселелері күн тәртібінде қаралды.
«Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыс экономикасының өсімі 107,5%-ды құраған. Сондай-ақ, өңір экономикасына 20,4% өсіммен 94,2 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 6 жаңа өнеркәсіп нысаны пайдалануға берілді. Жалпы облыста 1-ші тоқсанның қорытындысы бойынша барлық негізгі салаларда өсім бар», - деген Марат Елеусізұлы осы қарқынды жыл соңына дейін сақтау қажеттігін айтты.
Одан бөлек отырыста, «Ауыл Аманаты» жобасының іске асуы барысы талқыланды.
Ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасына 6 аудан 102 ауылдық округ және 134 елді мекен қатысады. Биыл аталмыш жобаға 8,3 млрд. теңге бөлінген. Барлық аудандардан жобадағы 5 бағыт бойынша 22,8 млрд. теңгеге 3 955 өтінім түсті. Қазіргі таңда нақты 4,4млрд. теңгеге 891 құжат жиналды.
«Облыс экономикасын дамытудың негізгі драйвері - агроөнеркәсіптік кешен, өйткені халықтың 84%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі бойынша біз 12 пайыздық үлеспен республикада екінші орынды иеленеміз»,- деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.  «Бүгінгі таңда облыста 37,3 мың адам кезекте тұр. Тұрғын үй кезегіне тұрған адамдар саны жыл сайын 5-6 мыңға артып, тұрғын үй құрылысының қарқынынан 2 есе асып түсуде. Құрылыс көлемін ұлғайту үшін бізге дайын алаңдар қажет»,- деді Марат Сұлтанғазиев.