Аудан әкімдері инвестиция тарту жұмыстарын баяу жүргізіп жатыр – Марат Сұлтанғазиев

Аудан әкімдері инвестиция тарту жұмыстарын баяу жүргізіп жатыр – Марат Сұлтанғазиев

Марат Сұлтанғазиев облыстың 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, жергілікті атқарушы органдардың басшыларының алдына 2023 жылға арналған міндеттерін айқындап берді.

Облыс әкімі жалпы барлық негізгі секторларда оң динамика бар екенін атап өтті. Дегенмен, бірқатар сала бойынша айтарлықтай кемшіліктер орын алып жатқанын жасырмады. Алдымен ол өткен жылғы инвестиция көлеміне көңілі толмайтынын баса айтты. Оның пайымдауынша, көрсеткіштің төмендеуіне инвестиция тарту процестерінің орталықтандыралмауы себеп.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша өңірде негізгі капиталға инвестициялар көлемінің өсуі жоспарланған көрсеткіштің тек 93% құрап отыр. Алайда, инвестицияларды тарту бойынша жұмыс жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы алғашқы орындардың бірінде болуы тиіс екеніне назар аударамын. Айта кету керек, инвестициялар бойынша қол жеткізілген нәтижелер көбінесе бюджеттік қаржыландыру есебінен орындалып келеді», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Осыған байланысты, ол кәсіпкерлік басқармасына бір апта мерзімде өңірге тартылатын инвестиция үлесін (850,4 млрд. теңгеге) ұлғайтуды және оны аудандарға бөлу арқылы 2023 жылға белгіленген инвестиция жоспарын жасауды тапсырды.
Ал, аудан әкімдіктері белгіленген индикаторларға қол жеткізу үшін аймаққа қажетті инвестициялық жобалардың тізімін ұсынуы қажет.

«Кәсіпкерлік басқармасы тарапынан әлеуетті жобалар табылған жағдайда, аудандар тарапынан қолайлы жер учаскелерін табуға көмек көрсетілмейді. Мемлекеттік қордағы немесе бос жер учаскелері туралы ақпараттың болмауы инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыруға кедергі келтіріп отыр. Осылайша, жобалардың көпшілігі келіссөздер кезеңінен кейін тоқтап қалады», – дейді облыс әкімі.

Мысалы, «Молочная Долина» ЖШС сүт саласын дамыту инвестициялық жобасын, «Логиком» ЖШС data center жобасын жүзеге асыруға әкімдіктері тарапынан қолайлы жер учаскесі туралы ақпарат берілмеген.

«Инвестицияларды тарту бағытын іске асыру үшін кәсіпкерлік басқармасы мен Алматы облысының өңірлерлік даму орталығы келіссөздер барысында жаңа жобаларды іске асыру үшін қолайлы жер учаскелері туралы ақпаратты білуі тиіс. Аталған мәселе бойынша аудандар мен Қонаев қаласының әкімдіктері мемлекеттік қордағы әлеуетті жер учаскелерін, сондай-ақ оларға инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыру үшін жер учаскелерінің ауданы мен нысаналы мақсаты туралы толық ақпаратты көрсете отырып, алып қоюға немесе сатып алуға жататын учаскелерді тез арада айқындау қажет. Сондай-ақ, осы учаскелерде инфрақұрылым жайында толық ақпарат берілуі тиіс», – деп тапсырды Марат Сұлтанғазиев.