
2-3 желтоқсан күндері Тұңғыш Президент күніне орай Алматы қаласында Алматы облысының мәдени күндері өтті. Мәдени күндерді қорытынды шара ретінде Республика сарайында облыс өнерпаздарының «Жұмақ мекен - Жетісу» атты концерті түйіндеді.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған ардагерлер, зиялы қауым өкілдері алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мұнан соң Республика сарайының фойесіне қойылған облыстың өнер көрмесін аралады. Көрмеге С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханадан облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген кітаптар, электронды кітаптар, М. Тынышпаев өлкетану музейінен, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан, ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінен, Көркемсурет галереясынан әкелінген қолөнер бұйымдары, шежірелі фотосуреттер, картиналар, түрлі жәдігерлермен қойылды.
Республика сарайының 3 мың орындық залы концертке келген көрерменге лық толды.
Концерт алдында Алматы қаласының әкімі мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді.
Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде қала мен облыстың өзара байланысы туралы айта келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы агломерациясының жаңа жобасы дайындалып жатқанын атап өтті. Экономикалық қарым-қатынастармен қатар бүгінгі күні рухани байланыстардың тереңдеп келе жатқанын тілге тиек етті. «Елбасының туған жері Алматы облысының мәдени күндерін Тұңғыш Президент күніне орай Алматы қаласында жыл сайын өткізсек те артық емес», - деді Б. Сағынтаев.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елбасы күніне орай өткізіліп отырған мәдени шаралар легін қуана қарсы алып жатқан алматылықтарға алғысын жеткізді.
- Алматы қаласы мен Алматы облысы бөліп-жаруға келмейтін ірігесі бір өңірлер. Екі аймақ бір-бірін қолдап, қуаттап, бірлесіп жұмыс істесек, оның нәтижесін халық көреді. Бұған дейін Алматы қаласында жәрмеңкелер ұйымдастырып, іскерлік байланыстармен жиі қатынассақ, енді біздің байланыстарымыз жаңа деңгейге көтеріліп, рухани байланыстарымыз нығайып келеді. Бақытжан Әбдірұлының ұсынысымен екі күннен бері қалада өтіп жатқан облыстың мәдени күндері осының айғағы. Республика сарайының аса үлкен сахнасына ұялмай көрсете алатын, мақтанышпен шығаратын таланттарымыз бар екенін бүгін таныта аламыз деп ойлаймын. Осы шараға қолдау білдірген Бақытжан Әбдірұлына, барша алматылықтарға рахмет айтамын, - деді А. Баталов.
Концертте Сүйінбай атындағы облыстық филаромония, «Алтынай» халықтық би ансамблі, «Құлансаз», «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері және басқа да өнер ұжымдары өнер көрсетті.
Алматылықтарға ерекше көңіл күй сыйлаған шарада опералық, ретро және заманауи әндер, халықтық би, оркестрлік шығармалар ұсынылды. Концерт барысында Алматы облысының көрікті орындары, Талдықорған қаласының жаңарған келбеті сахнадағы үлкен экраннан, барынша айшықталып көрсетіліп, ән-бимен қоса өріліп отырды. Сөйтіп, екі күнге созылған Алматы облысының мәдени күндерін түйіндеген мазмұнды концертке алматылықтар ризашылықпен қол соқты.
Еске салсақ, Алматы облысының мәдени күндері 2 желтоқсанда Алматы қаласының тарихи музейінде Балпық бидің 320, Мұхаметжан Тынышпаевтың 140 және Ілияс Жансүгіровтің 120 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бақ мекен - Жетісу» атты жылжымалы көрмемен басталған болатын. Сол күні алматылық көрермендерге Б. Римова атындағы драма театрының әртістері М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» ұлттық комедиясын ұсынды.
3 желтоқсан күні мәдени күндер Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Жастар жылы» аясында облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген жетісулық 20 жас ақынның кітаптарының тұсаукесер рәсімімен жалғасты. «Қуыршақ» театрында кішкентай көрермендер жазушы Д.Исабековтің «Құстар фестивалі» қойылымын тамашалады. Қала әкімдігінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Марлен Көлбаев пен қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ернар Құрмашев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.