
Жылдағы дәстүр бойынша тамыз айында атап өтілетін Құрылысшылар күні мерекесі қарсаңында облыс әкімдігінің үлкен залында салтанатты жиын өтті. Мерекелік басқосуға аталған салаға жауапты басшылар мен мамандар және құрылысшылар қатысты. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов жемісті еңбек етіп жүрген құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан құттықтап, істеріне сәттілік тіледі. Өз кезегінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Болат Тәкенов Жетісу жерінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, саладағы жемісті істерге шолу жасады.
Жиында сондай-ақ, облыстың әр түкпірінде жолдар жөнделіп, көз тартарлық әлеуметтік нысандар мен сәулетті ғимараттардың және көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп бой көтеріп, ел игілігіне беріліп жатқаны және мұндай пайдасы мол шарапатты шаруаның әлі де болса жалғасып, жандануына Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, қомақты қаражаттың қарастырылатыны айтылды. Жиында елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, еңбектеніп жүрген бір топ құрылысшының есімдері аталып, оларға құрмет көрсетілді.
Марапатталғандар қатарында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков, «Еңбек» серіктестігінің директоры Талипхан Әбілдаев, «Құрылыс Жоба Сараптама» серіктестігінің сарапшысы Ким Илларион, «ФУД МС» серіктестігінің директоры Сейітжан Құсайынов және орынбасары Молды Цакаев, облыстық «Мемсараптама» кәсіпорнының сарапшысы Людмила Шульгина Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінен берілген «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін омырауларына қадады.
Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алхыс хатымен марапатталған құрылысшылар да бірқатар. Бақтұр Жолжанов, Күләтай Исағұлова, Сандыбай Мылтықбаев секілді сала ардагерлері бағалы сыйлықтарға ие болды.